Өйткенi Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендiктен, Өзiнiң жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа бердi. Ендi Оған сенушi әркiм жаны тозаққа түспей, мәңгiлiк өмiрге ие болады. Жохан 3:16
Ислам мен
мәсіхшіліктің арасындағы байланысты талдаған кезде Құрандағы Иса туралы
айтылған пайымдаулар ең қызық тақырып болып шығады. Құранда Иса жайлы мынандай
нәрселер айтылады: Алла Исаны адамзатқа жіберіп, Оның бойына Киелі Рухты
дарытты (Сүре 2:87); Алла Исаны мақтады (Сүре 2:253); Иса күнәдан таза әрі
діндар Тұлға болған (Сүре 3:46; 6:85; 19:19); Иса өлімнен қайта тірілді (Сүре
19:33-34); Алла Исаға жаңа дін жасауды бұйырды (Сүре 42:13); Иса көкке
көтерілді (Сүре 4:157-158). Осының нәтижесінде шынайы мұсылмандар Исаның
ілімімен танысып, Оның ережелеріне мұйынсұну керек (Сүре 3:48-49; 5:46).
Исаның шәкірттері Оның айтқанын жазып, Оның ілімін адамзатқа Інжіл (Ізгі
хабарлар) арқылы жеткізді. 5-сүренің 111-аятында Алла осы шәкірттерге Исаға
және Оның хабарына сенуді бұйырады. 61-сүренің 6,14-аяттарында Иса мен Оның
шәкірттері Алланың көмекшілері ретінде сипатталады. Исаның шәкірттері шынымен
Алланың көмекшілері болса, онда олар Исаның ілімін дәлме-дәл әрі дұрыс жазған
болар. Сонымен бірге Құран мұсылмандарға Таурат пен Інжілде жазылғанға бағынып,
оның барлығын орындауды бұйырады (Сүре 5:44-48). Егер Иса шынымен күнәсыз әрі
таза Тұлға болса, оның үйреткен ілімі сөзсіз дұрыс болу керек. Тағы мынаны айта
кетейік: Исаның шәкірттері шынымен Алланың көмекшілері болса, онда олар Исаның
ілімін қағазға дәлме-дәл әрі дұрыс түсірген болар.
Алла Мұхамет пайғамбар арқылы мұсылмандарға Інжілді зерттеуді бұйырады. Егер
Інжіл бұрмаланған және бүлінген болғанда Құдай осындай нұсқау бермес еді. Бұл
жағдай Мұхаметтің заманындағы Інжілдің көшірмелерінің сенімді әрі дұрыс
болғанының дәлелі. Інжілдің көшірмелері тіпті Мұхамет өмір сүрген кезден 450
жылдай бұрын бар болған. Негізінде әлемде Інжілдің мыңдаған көшірмелері бар.
Інжілдің көне көшірмелерін де, Мұхаметтің заманындағы және одан кейінгі
көшірмелерді де бір-бірімен салыстырған кезде олардағы Иса мен Оның ілімі жайлы
мәліметтің еш өзгермегенін байқауға болады. «Інжіл бұрмаланған» деген қате
пікірді қолдайтын ешқандай дәлел жоқ. Сонықтан біз мынаған нық сене аламыз:
Исаның ілімі дұрыс әрі шынайы; Інжілде Исаның ілімі жайлы жазылғанның бәрі
дұрыс; Алла Тағала Інжілді бұрыннан бері қорғап сақтап келеді.
Ал Інжілде Иса туралы не жазылған? Жохан 14:6 аятында Иса былай дейді: «Жол,
шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара
алмайды». Иса Өзінің Құдайға апаратын жалғыз жол екенін айтты. Матай 20:19
аятында Иса Өзінің айқышқа шегеленіп өлтірілетінін және үшінші күні өлімнен
қайта тірілетінін айтады. Біз Ізгі хабарларды оқыған кезде осының бәрінің Иса
алдын ала айтқандай болғанын көреміз (Матай 27-28-тараулар, Марқа
15-16-тараулар, Лұқа 23-24-тараулар, Жохан 19-21-тараулар). Иса Алланың ұлы
пайғамбары бола тұра неге Өзін адамдарға өлтірткізді? Алла неге осыған жол
берді? Өйткені Иса: «Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі – олар
үшін өмірін құрбан етуі» деген (Жохан 15:13). Жохан 3:16 аятында Құдай бізді
сүйгендіктен Исаны құрбандыққа берді деп айтылған.
Иса неге біз үшін өмірін қиюға мәжбүр болды? Ислам мен мәсіхшіліктің арасындағы
ең басты айырмашылық осында. Ислам ілімі бойынша Алла біздің игі істеріміз бен
жаман істерімізді салыстырып барып біздің тағдырымызды шешпек. Мәсіхшілік ілім
бойынша адам өз жаман істерін игі істерімен ешқашан жуып шая алмайды. Адамның
игі істері көбірек болғанның өзінде де мінсіз әрі киелі Алла адамды тіпті
істеген бір күнәсына бола көкке кіргізбейтін еді. Демек киелі Алла көкке еш
мінсіздікті жолата алмайды. Сондықтан бізге тозаққа кетуден басқа ештеңе
қалмайды, өйткені киелі Алланың талабы бойынша күнәкар пенде мәңгі-бақи
жазалануға тиіс. Исаның біз үшін құрбан болуының себебі осы.
Құранда айтылғандай Иса күнәсыз Тұлға болған. Адам қалайша бір де күнә жасамай
өмір сүре алады? Бұл болуы мүмкін емес нәрсе. Ал Иса осыны қалай істеді? Иса
жай адам болған жоқ, өйткені Ол Өзін Құдай деп атады (Жохан 10:30). Сонымен
бірге Иса Өзінің Таураттағы Құдай екенін де айтты (Жохан 8:58). Інжілдегі Ізгі
хабарлардың барлығы Исаның осы дүниеге адам кейіпінде келген Құдай екенін
үйретеді (Жохан 1:1,14). Құдай біздің барлығымыздың күнәға батқанымызды және
көкке кіре алмайтынымызды білген. Сондықтан Ол біздің күнәмыздың құнын өтеудің
жалғыз жолын тапты. Құдай осындай орасан бағаны Өзінен басқа ешкімнің төлей
алмайтынын да білген. Сондықтан Құдай адамға, яғни Иса Мәсіхке айналып, күнәсыз
өмір сүріп (Сүрелер: 3:46; 6:85; 19:19), адамдарға мінсіз хабарды үйретіп, біз
үшін өліп, біздің күнәмыздың құнын төледі. Құдай осыны бізді қатты сүйгендіктен
істеді, өйткені Ол біздің Онымен жұмақта бірге болғанымызды қалайды.
Сіз осыған не айтасыз? Иса біздің күнәларымыз үшін берілген мінсіз құрбандық
болған. Біз Құдайдың өзімізге бергісі келетін осы сыйлығын қабылдасақ, Ол бізді
кешіріп құтқарады (Жохан 1:12). Біз Исаның өзіміз үшін, демек Оның достары үшін
жанын қиғанына және біздің Құтқарушымыз болғанына сенуіміз керек. Егер сіз
Исаны Құтқарушыңыз ретінде қабылдап, Оған сенім артсаңыз, онда сіз мәңгілік
өмірге ие болғаныңызға және жұмаққа баратыныңызға нық сене аласыз. Құдай сіздің
күнәларыңызды кешіріп, жан-дүниеңізді тазартып, рухыңызды жаңартып, осы
әлемдегі өміріңізді мағыналы етіп, о дүниеде барған кезіңізде сізге мәңгілік
өмір береді. Сіз осындай асыл сыйлықтан қалай бас тартпақсыз? Сүйіспеншілікке
толы және біз үшін Өзін құрбандыққа берген Құдайдан біз қалай бас тартамыз?
Егер сіз өзіңіздің неге сеніп жүргеніңізді анық білмесеңіз, біз сізді бірге
мінажат етуге шақырамыз: «Құдай, маған ненің шындық ненің қате екенін түсінуге
көмектесші. Маған құтқарылуға апаратын дұрыс жолды көрсете гөр деп өтінемін!»
Құдай осындай мінажатты жауапсыз қалдырмас.
Егер сіз Құтқарушы Исаны жүрегіңізге шақырғыңыз келсе, Құдайға әншейін дауыстап
немесе ішіңізден сөйлеп, Оның Иса арқылы беретін құтқарылуын қабылдайтыныңызды
айтыңыз. Сіз былай мінажат ете аласыз: «Құдай, Сенің маған деген
сүйіспеншілігің үшін Өзіңе рахмет айтамын. Өзіңді мен үшін құрбан еткеніңе де
мың да бір алғыс. Маған кешірім мен құтқарылуды сыйлағаның үшін рахмет. Мен Иса
арқылы берілетін сыйлығыңды, яғни құтқарылуды қабылдаймын. Исаны Құтқарушым деп
дәріптеп, Оған сенім артамын. Құдай Ием, мен Сені сүйемін және өмірімді Саған
бағыштаймын. Аумин!»
Осы сұраққа
жауап берудің нәтижесі біздің Киелі кітап жайлы пікіріміздің жақсы жаққа
өзгеруімен және Құдай сөзінің біздің өміріміз үшін қаншалықты маңызды екенін
түсінуімізбен ғана шектелмейді. Демек Құдайдың сөзі бізге міндетті түрде өзінің
мәңгілік ықпалын тигізбек. Сондықтан Киелі кітап шынымен Құдайдың сөзі болса,
біз оны қастерлеп, сараптап, оған бағынып, сенуіміз керек. Киелі кітап Құдайдың
сөзі болғандықтан оны жоққа шығару Құдайдың Өзін жоққа шығарумен тең.
Құдайдың бізге Киелі кітапты бергені Оның бізге деген сүйіспеншілігінің дәлелі.
«Аян» (демек Құдайдың адамға берген жолдамасы) деген сөздің мағынасы мынандай:
Жаратушы адамзатпен хабарласып, Өзінің қандай екенін және біздің Онымен қалай
дұрыс қарым-қатынаста бола алатынымызды көрсетті. Құдай осы ақиқаттарды бізге
Киелі кітап арқылы жеткізбегенде біз оларды біле алмайтын едік. Ол Өзі жайлы
аянды Өзінің сөзі арқылы шамамен 1500 жыл бойы адамзатқа білдірді, сондықтан
бізге Құдаймен дұрыс қарым-қатынаста болу үшін қажетті шындықтың барлығы Киелі
жазбада жазылған. Егер Киелі жазба шынымен Құдайдың сөзі болса, онда біз сенім,
дін, игілік және әділет жайлы ең беделді ақиқаттарды одан ғана таба аламыз.
Біз өзімізге мынандай сұрақ қоюға тиіспіз: Киелі кітаптың әншейін жақсы бір
кітап қана емес, оның шынымен Құдайдың сөзі екенін біз қалай біле аламыз? Киелі
кітаптың басқа жазылған діни кітаптардан қандай айырмашылығы мен ерекшілігі
бар? Киелі кітаптың шынымен Құдайдың сөзі екені жайлы дәлелдер бар ма? Киелі
кітап - Құдайдың сөзі деген пікірді сараптағымыз келсе біз өзімізге осындай
сұрақтарды қоюымыз керек, өйткені Киелі кітап Құдайдың Рухының жетелеуімен
жазылған және сенім мен дінге байланысты барлық жағдайларда дұрыс жолды
көрсетеді.
Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне ешкім күмәнданбау керек. Тімоте. 2-хат
3:15-17 аяттарында осы жайлы анық айтылған: «Сонымен бірге балалық шағыңнан-ақ
Киелі жазбалармен таныссың. Олар сені парасатты етіп, Мәсіх Исаға деген сенімің
арқылы құтқарылуға бастап әкеледі. Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының
жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін
тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ».
Осы сұрақтарға жауап беру үшін біз Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз
жеткізетін ішкі және сыртқы дәлелдерді сараптауымыз керек. Ішкі дәлелдер деген
Киелі кітаптың мазмұнындағы шындықтарды білдіреді. Осындай дәлелдердің
біріншісі – Киелі кітаптың бірлігі (яғни оның бөлімдерінің арасындағы
байланыс). Демек Киелі кітап үш құрлықта, әр түрлі тілдерде, шамамен 1500 жыл
бойы 40 әр түрлі адам арқылы жазылған алпыс алты жеке кітаптан тұрса да, ол
басынан аяғына дейін өз-өзіне ешқашан қайшы келмейді. Осы арқылы Киелі кітап
басқа кітаптардан ерекшеленіп, ондағы барлық сөздердің Құдайдың жетелеуімен
жазылғандығы осылай дәлелденеді.
Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін екінші дәлел - ондағы
жазылған пайғамбарлық сөздердің барлығының дәлме-дәл орындалғаны. Киелі кітапта
Исраил халқы мен басқа да халықтардың, кейбір қалалардың және бүкіл адамзаттың
болашағы туралы пайғамбарлық сөздер айтылған, сонымен бірге Мәсіхке сенген
барлық халықтарды (яғни Исраил халқын ғана емес) құтқаратын Құтқарушы туралы да
жазылған. Басқа діни кітаптардағы (мысалы Нострадамус жазған кітаптағы)
болжамдар анық емес әрі түсініксіз, ал Киелі кітаптағы айқын болжамдар
дәлме-дәл орындалып отырады. Көне келісімде Иса Мәсіх туралы үш жүзден астам
пайғамбарлық сөз айтылған. Олар Исаның қай жерде және қандай отбасыда
туылатынын ғана емес, тіпті Оның қалай өліп, үш күннен кейін қалай қайта тірілетінін
де болжады. Адам баласы осы пайғамбарлық сөздердің Құдайдан келгенін
мойындамаса, оларды басқа қисынды жолмен түсіндіру мүмкін емес. Болашақта
болатын оқиғаларды соншалықты тиянақты болжау жағынан ешқандай діни кітап Киелі
кітаппен салыстырылуға келмейді.
Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін үшінші ішкі дәлел – оның
беделі мен құдіреті. Алдыңғы екі дәлелдерге қарағанда субъектівтік болып
көрінгенімен, бұл дәлел де Киелі кітаптың Құдайдан келгенін нақты растайды.
Басқа кітаптарға қарағанда Киелі кітаптың ерекше құдіреті бар, өйткені көптеген
адамдардың өмірлері оның әсерімен түбегейлі өзгеріп жатыр. Құдайдың сөзінің
ықпалымен жыныстық азғындыққа түскен адамдар мен нашақорлар күнәлы
жүріс-тұрыстарынан арылып жатыр, басқа адамдар тастап кеткен, өмірден көңілі
қалған жандар мен тас жүрек қылмыскерлер өзгеріп, жаңадан өмір сүруді бастап
жатыр, демек күнәкар адамдар әшкереленіп, күнәларынан бас тартып жатыр. Адамдар
Киелі кітапты оқыған кезде олардың жүректеріндегі жек көрініш пен реніштің орнына
сүйіспеншілік орнайды. Яғни Киелі кітап шынымен Құдайдың сөзі болғандықтан онда
адамның өмірін өзгертетін құдірет бар.
Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін ішкі дәлелдермен бірге
осының сыртқы дәлелдері де бар. Олардың біреуі – Киелі кітаптың тарихи жағынан
шындық болғаны. Киелі кітапта көптеген тарихи оқиғалар сипатталған, сондықтан
осы оқиғалардың қаншалықты шынайы екені анықталуға тиісті болған. Археологиялық
дәлелдер және басқа да жазбаша деректер Киелі кітапта айтылған тарихи мәліметтердің
шынымен болғанын растайды. Негізінде археологиялық зерттеулер мен жазбаша
деректерге жүгінген кезде Киелі жазба ежелгі заманнан жеткен кітаптардың ең
сенімдісі болып шығады. Киелі кітап әр түрлі тарихи оқиғаларды нақты сипаттайды
және ондағы мәліметтер бізге діни тақырыптар мен ілімдерді сараптауға
көмектеседі, сондықтан Киелі кітаптың шынымен Құдайдың сөзі екені осы арқылы да
дәлелденеді.
Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін сыртқы дәлелдердің тағы
біреуі – авторлардың адалдығы. Алдында айтылғандай Құдай Өзінің сөзін әр түрлі
адамдарға жаздырды. Осы адамдардың өмірлеріне қараған кезде бір олардың шынымен
адал әрі таза жүректі тұлғалар болған екенін көре аламыз. Олар өздерінің
сенімдері үшін өмірлерін қиюға (типті қиналып өлуге) дайын болған. Осы арқылы
біз осы қарапайым әрі әділ адамдардың Құдайға шын жүректен сенгендерін көре
аламыз. Жаңа келісімді жазған адамдар мен басқа жүздеген сенушілер (Қорынт.
1-хат 15:6) өздері таратып жүрген хабарға нық сенген болатын себебі олар
өлімнен қайта тірілген Иса Мәсіхті көріп, Онымен бірге уақыт өткізді. Өлімді
жеңген Мәсіхті көргеннен кейін олардың өмірлері түбегейлі өзгерді. Алдында
жасырынып қашып жүрген олар енді Құдайдың оларға ашып берген Ізгі хабары үшін
өлуге даяр болды. Олардың өмірлері мен өлімдері де Киелі кітаптың шынымен
Құдайдың сөзі екенін дәлелдейді.
Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін сыртқы дәлелдердің ең
соңғысы – оның жойылмайтыны. Киелі кітап Құдайдың адамзатқа жеткізген өте
маңызды хабары болғандықтан оған ежелден бері талай шабуылдар жасалып келе
жатыр. Басқа кітаптардың ешқайсысына сондай көп шабуыл жасалған емес.
Деоклетиан сияқты римдік патшалардан бастап коммунист әміршілерге дейін
көптеген адамдар Киелі кітапты құртпақшы болған. Қазіргі заманда да атеисттер
мен агностиктер Құдайдың сөзін жоққа шығарғысы келеді. Алайда Киелі кітап осы
барлық шабуылдарға төтеп беріп, осы кезге дейін дүниеде ең көп басылымнан
шыққан кітап болып тұр.
Бұрыннан бері скептиктер (яғни күмәндануға бейім адамдар) Киелі кітапты әншейін
қиял деп санаған, алайда археология ғылымы оның тарихи кітап екенін растады.
Оған қарсы шығушылар оны қарапайым және қазіргі заманға сай емес кітап деп
жоққа шығармақ болды, алайда Киелі кітаптағы адал ұғымдар мен ілімдер бүкіл
әлемдегі қоғамдар мен мәдениеттерге ізгі әсерін тигізуде. Әр түрлі ғылыми,
психологиялық және саяси қозғалыстар оған шабуыл жасаса да, Киелі кітап қазіргі
заманда алғашқы жазылған кезіндегідей өмірлік жағдайлармен байланысты болып,
адамдарға ықпал етуде. Соңғы 2000 жылдың ішінде Киелі кітап мыңдаған адамдар
мен мәдениеттерді өзгертті. Қарсы шығушылар оған қандай шабуыл жасаса да,
дұшпандар оны бұрмалап, құртқысы келсе де, Киелі кітап Құдайдың ақиқаты болып
қала береді. Біз осыған еш таңғалмауымыз керек, өйткені Исаның Өзі былай деген:
«Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды» (Марқа
13:31). Осы дәлелдерді шын жүректен сараптаған кейін адамға «Иә, Киелі кітап
шынымен Құдайдың сөзі екен» деп айтудан басқа ештеңе қалмайды.
Мәсіхшілік
ілімдегі Үшбірлік жайлы түсінікті адамдарға ұқтыру ең қиын, өйткені осыны
жеткілікті түсіндіріп беру мүмкін емес. Құдай шексіз әрі ғажайып Тұлға
болғандықтан Оны әбден біліп тануға біздің қабілетіміз жетпейді. Киелі кітап
бізге Құдай Әкенің, Исаның және Киелі Рухтың жалғыз Құдай екенін үйретеді.
Сонымен бірге Киелі кітапта Құдай біреу-ақ деп те айтылған. Біз Үшбірліктегі
Тұлғалардың өзара қатынасы туралы кейбір нәрселерді түсінгенімізбен, санамыз
шектеулі болғандықтан оның барлығын толық ұға алмаймыз. Алайда бұл түсінік
Киелі кітапқа сай ақиқат болып қала береді.
Осы тақырыпты зерттеген кезде біз «Үшбірлік» деген сөздің Киелі жазбада
қолданылмағанына назар аударып, осыны есімізде сақтайық. Адамдар бұл сөзбен үш
мәңгілік Тұлғадан тұратын Құдайды сипаттамақшы болған. Осы сөздің «үш Құдай
бар» дегенді білдірмейтінін түсініңіз. Үшбірлік - үш Тұлғадан тұратын бір
Құдай. «Үшбірлік» деген сөз Киелі кітаптың еш жерінде жазылмаған, алайда оны
қолданғанда тұрған ештеңе жоқ. «Бірге Бар Болушы Үш Мәңгілік Тұлға» дегеннің
орнына қысқаша «Үшбірлік» деуге болады емес пе? Егер сізге осыны түсіну қиын
болса, былай ойлаңыз: Киелі кітапта «апа» деген сөз жоқ болса да, онда апалар
туралы айтылады. Сарай Жақыптың апасы болған. Сондықтан «Үшбірлік» деген сөзге
терең үңіліп қалудың қажеті жоқ. Ең маңыздысы -«Үшбірлік» деген сөз арқылы
берілген түсінік. Осы ерекше кіріспеден кейін Үшбірлік жайлы аяттарды талдайық.
2) Үшбірлік үш Тұлғадан тұрады: Жаратылыс. баст. 1:1; 1:26; 3:22; 11:7; Ишая
6:8; 48:16; 61:1; Матай 3:16-17; Матай 28:19; Қорынт. 2-хат 13:14. Көне
келісімдегі үзінділерді жақсырақ түсіну үшін еврей тілін білген пайдалы болады.
Жаратылыс. баст. 1:1 аятында «Элохим» деген сөз көпше түрде қолданылады. Ал
Жаратылыс. баст. 1:26; 3:22; 11:7 аяттары мен Ишая 6:8 аятында Құдай «біз»
деген есімдікті пайдаланады. «Элохим» деген сөз бен «біз» деген есімдік
Тұлғалардың екеуден көп болғанын көрсетеді. Қазақ тілінің грамматикасында
жалғыз форма мен көпше форма ғана бар. Ал еврей тілінде осы екі формамен қатар
тағы екеуді білдіретін жеке форма бар. Осы форма жұпты нәрселер туралы айтқанда
қолданылады, мысалы: көз, құлақ, қол т.б. Ал «Элохим» деген сөз бен «біз» деген
есімдік көпше форманы білдіреді, демек айтылған Тұлғалардың үшеу немесе одан
көп болғанын көрсетеді (Әке, Ұл және Киелі Рух).
Ишая 48:16 мен 61:1 аятында Құдайдың Ұлы Әкесі мен Киелі Рух туралы сөйлейді.
Ишая 61:1 мен Лұқа 4:14-19 аяттарын оқығанда Құдайдың Ұлының сөздеріне назар
аударыңыз. Матай 3:16-17 аяттарында Исаның шомылдыру рәсімінен өткені туралы
айтылады. Бұл жерде Құдайдың Киелі Рухы Құдайдың Ұлына қонғанда Құдай Әке Ұлына
ризашылығын білдіреді. Матай 28:19 және Қорынт. 2-хат 13:14 аятында Үшбірліктің
үш Тұлғасы туралы айтылады.
3) Үшбірліктің Тұлғалары әр түрлі үзінділерде бір-бірінен ерекшелендіріледі:
Көне келісімде «Жаратқан Ие» ерекше есіммен аталады (Жаратылыс. баст. 19:24;
Ошия 1:4). «Жаратушы Иенің» «Ұлы» бар (Забур жыр. 2:7; 12; Нақыл сөз. 30:2-4).
Киелі Рух «Жаратушы Иеден» (Ру. санау 27:18) және «Әкеден» (Забур жыр.
50:10-12) өзгеше Тұлға ретінде көрсетіледі. Сонымен бірге «Ұл» «Құдай Әкеден»
өзгеше Тұлға ретінде көрсетіледі (Забур жыр. 44:6-7; Еврей. хат 1:8-9). Жаңа
келісімде, Жохан 14:16-17 аяттарында Иса Құдай Әкеден Көмекшіні, яғни Киелі
Рухты жіберуін өтінеді. Бұл жерден біз Исаның Өзін Әке немесе Киелі Рух деп
санамағанын көреміз. Исаның Інжілде Құдай Әкеге сөйлегеніне қарайық. Ол
Өз-Өзімен сөйлесті ме? Жоқ. Ол Үшбірліктегі басқа Тұлғамен, Құдай Әкемен
сөйлесті.
4) Үшбірліктің әр Мүшесі Құдай болып табылады: Әке – Құдай: Жохан 6:27; Рим.
хат 1:7; Петір. 1-хаты 1:2. Ұл – Құдай: Жохан 1:1, 14; Рим. хат 9:5; Қолос. хат
2:9; Еврей. хат 1:8; Жохан. 1-хаты 5:20. Киелі Рух – Құдай: Елшілер. істері
5:3-4; Қорынт. 1-хат 3:16 (Сенушілердің бойында өмір сүретін Тұлға – Киелі Рух:
Рим. хат 8:9; Жохан 14:16-17; Елшілер. істері 2:1-4).
5) Үшбірліктің ішіндегі Тұлғалардың бір-біріне бағынулары жайында біз Киелі
жазбадан мынаны білеміз: Киелі Рух Әке мен Ұлға бағынады, ал Ұл Әкеге
мойынсұнады. Бұл - Үшбірліктің ішіндегі қарым-қатынас, демек біз осы
Тұлғалардың кейбіреулері «Құдай емес» деп айта алмаймыз. Жалпы біздің шектеулі
ой-санамыз шексіз Құдайдың болмысын толық танып біле алмайды. Құдай Ұлы жайлы
мына аяттарды да қараңыз: Лұқа 22:42; Жохан 5:36; Жохан 20:21; Жохан. 1-хаты
4:14. Киелі Рух жайлы мына аяттарды қараңыз: Жохан 14:16; 14:26; 15:26; 16:7
және әсіресе Жохан 16:13-14.
6) Ал Үшбірліктегі Тұлғалардың міндеттері мынандай: Құдай Әке мына нәрселердің
пайда болуының себебі мен бастауы: 1) бүкіл әлем (Қорынт. 1-хат 8:6; Аян 4:11);
2) Құдайдың жоспары туралы аян (Аян 1:1); 3) адамзатты құтқару жолы (Жохан
3:16-17); және 4) Исаның жасаған істері (Жохан 5:17; 14:10). Осылардың барлығын
басқарып, іске асырған Құдай Әке.
Ал Құдайдың Ұлы Әкесінің қызметкері ретінде мына жұмыстарды атқарады: 1) әлемді
жаратып, оны басқару (Қорынт. 1-хат 8:6; Жохан 1:3; Қолос. хат 1:16-17); 2)
адамзатқа Құдайдың жоспары туралы аян беру (Жохан 1:1; Матай 11:27; Жохан
16:12-15; Аян 1:1); және 3) адамзатты құтқару (Қорын. 2-хат 5:19; Матай 1:21;
Жохан 4:42). Құдай Әке осы нәрселердің барлығын Оның қызметкері ретінде міндет
атқаратын Ұлы арқылы істейді.
Ал Киелі Рух арқылы Құдай Әке мына жұмыстарды атқарады: 1) әлемді жаратып, оны
басқару (Жаратылыс. баст. 1:2; Әйүп 26:13; Забур жыр. 103:30); 2) адамзатқа
Құдайдың жоспары туралы аян беру (Жохан 16:12-15; Ефес. хат 3:5; Петір. 2-хаты
1:21); 3) адамзатты құтқару (Жохан 3:6; Тит. хат 3:5; Петір. 1-хаты 1:2); және
4) Исаның жасаған істері (Ишая 61:1; Елшілер. істері 10:38). Құдай Әке осының
барлығын Киелі Рухтың құдіретімен істейді.
Адамдардың жасаған (тіпті ең кең тараған) сипаттамалары Үшбірлік туралы дұрыс
түсінік бермейді. Мысалы жұмыртқаны алайық: оның сырты ақ, ал ішінде сарысы
бар, алайда осының бәрі жұмыртқаның өзі емес, оның бөліктері. Ал Құдай Әке, Ұл
және Киелі Рух Құдайдың «бөліктері» емес, осы Тұлғалардың әрқайсысы Құдай.
Үшбірлікті суға ұқсатқанымыз жақсырақ болып көрінгенмен осы түсінік те қате
болмақ. Су кәдімгі сұйық бола алады, сонымен бірге буға не мұзға да айнала
алады, демек оның үш түрі болады. Алайда Әке, Құдай және Киелі Рух Құдайың
құбылмалы түрлері емес, осы Тұлғалардың әрқайсысы Құдай. Жаңағы сияқты мысалдар
бізге Үшбірлік жайлы біраз түсінік береді, бірақ осы түсініктердің барлығы
дұрыс емес. Ой-санасы шектеулі пенде шексіз Құдайды дұрыс сипаттай алмайды. Біз
Үшбірлікті түсінуге тырысудың орнына Құдайдың шексіз ұлылығына назар аударайық.
«О, неткен бай Құдайдың даналығы, неткен терең Оның білік-парасаты! Шешімдеріне
адам ақылы жетпес, жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес! «Кім Тәңірдің
ақыл-парасатын ұққан, кеңесшісі боп бағыт берді Оған?» (Рим. хат 11:33-34).